15 шіл, 2025 сағат 17:57

Қазақстанда темекі шегетіндер азайды — Ұлттық статистика бюросы

Фото: Stat.gov.kz

2025 жылы Қазақстанда темекі шегетін ересектердің үлесі 17,5%-ды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен — 2024 жылы көрсеткіш 20,7% болған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жүргізген жыл сайынғы зерттеуде айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сауалнамаға еліміздің барлық облыстары мен үш ірі қаласынан (Астана, Алматы, Шымкент) 15 жастан асқан 12 000 адамның жауабы негіз болған. Зерттеу ересек халықтың темекі тұтыну деңгейін бағалауға бағытталған.

Нәтижелерге сәйкес, темекі тартатындардың көпшілігі — ауыл тұрғындары (19,1%), ал қалаларда бұл көрсеткіш 16,7%-ды құрайды. Темекі шегушілердің 93,8%-ы — зауытта өндірілген кәдімгі темекіні пайдаланады.

Гендерлік тұрғыда алғанда, темекі тұтынушылардың 34%-ы — ерлер, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш небәрі 5%-ды құрады.

Зерттеу нәтижелері елдегі шылым шегуге қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр.