17 шіл, 2021 сағат 11:15

Қазақстанда тағы 5,6 мың адам Covid жұқтырды. 975 науқастың халі ауыр


Қазақстанда кеше, 16 шілдеде 5658 адамнан коронавирус табылды. Ал 15 шілдеде елде 146 адам коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан. 15-16 шілдеде коронавирус пен коронавирусқа ұқсас пневмониядан 57 адам қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Елде кейінгі аптада Covid індетіне шалдыққандар күрт көбейіп, вирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд болып жатыр.

Ресми дерек бойынша, елде коронавирус жұқтырғандар 483 мыңнан, қайтыс болғандар 4900-ден асты.

Ал ПТР тестінің нәтижесі теріс, бірақ белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар 58 мыңнан, көз жұмғандар 3,5 мыңнан асып жығылды. Қазақстан "пневмонияға" шалдыққандарды былтыр тамыздан бері есептеп келеді. Оған дейін бұл дертпен ауырғандар және қайтыс болғандар ешқандай статистикаға енбей қалды.

Сарапшылар Қазақстандағы коронавирус статистикасына күдікпен қарайды. Үкімет коронавирус жұқтырған мыңдаған науқасты "өліміне басқа дерт себеп болды" деп статистикаға қоспады.

17 шілдедегі мәлімет бойынша 52 895 адам коронавирус инфекциясынан (51 266 КВИ+ және 1 629 КВИ-) емделіп жатыр.

Оның ішінде:

- 16 862 пациент стационарда

- 36 033 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандар арасында:

- 975 адамның жағдайы ауыр

- 241 пациенттің жағдайы өте ауыр

- 123 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Елде індет өршіген тұста билік жұртты екпе алуға шақырып жатыр. Үкімет еңбек ұжымдарына вакцинаны міндеттеген.

Елде ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салына бастады. Содан бері 4 млн 835 мың адам вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 2 млн 731 мың адам вакцинаның екі дозасын алған.

Қазақстан "Спутник V" екпесінен бөлек, жергілікті мамандар жасаған QazVac, Hayat-Vax (Қытай-БАӘ), Sinopharm вакцинасын салып жатыр.

Осы аптада елде ресейлік екінші вакцина "Спутник лайттың" уақытша тіркелгені хабарланды.