09 қар, 2020 сағат 06:30

Қазақстанда тағы 46 адам коронавирус пневмониясына шалдықты

8 қарашада Қазақстанда 46 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 44 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрі бойынша адам өлімі тіркелмеген.

Қазақстан билігі ПТР-тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тамыздың басынан 8 қарашаға дейін 39 104 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 29 мыңнан астамы адам жазылған, 409-ы қайтыс болған.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 8 қараша аралығында 116 мыңнан аса адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1899-ы қайтыс болған.

Қазір 7 030 адам коронавирустан емделіп жатыр, 375-і - бала. 2 813 науқас стационарда ем қабылдап жатыр, 190 науқастың ахуалы нашар, 20 адамның жағдайы - өте ауыр, 27 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

9 қарашадан бастап Қазақстанның төрт облысында (Павлодар, СҚО, Қостанай және Ақмола облыстары) карантин шаралары күшейіп, блокпостар қойылды.