29 мау, 2021 сағат 12:00

Қазақстанда тағы 23 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды


28 маусымда Қазақстанда тағы 1321 адамның коронавирус тесті расталды. Бір күн ішінде тіркелген науқастар жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы әлі алда тұр. Дүйсенбі күні мұнда 370 науқас анықталған. Бір күн бұрын қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ауруханалардың 70 пайызға толғанын мәлімдеген. 

Дүйсенбі күні Қарағанды қаласында – 288, Алматыда 126 адамнан коронавирус анықталған. Қалған облыстар мен қалаларда тіркелген науқастар жүзге жетпейді.

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин дүйсенбі күні қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцина алмаған ұжымның 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс деп мәлімдеді.

Елде коронавирустың "үндістандық штамы" анықталғаны жайлы ақпарат тарағаннан кейін науқастардың қайта көбейгені байқалады. Мамандардың айтуынша, "үндістандық штамм" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда тез жұғады, аурудың асқыну ықтималдығы жоғары.

Қазір коронавирустың тарауы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары – "қызыл аймақта", Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстары – "сары аймақта", Алматы облысы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары – "жасыл аймақта".

27 маусымда 2 адамнан пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі (коронавирус пневмониясы) анықталған. Бір күнде 23 адам қайтыс болған: 20 адам – коронавирустан, 3 адам пневмониядан көз жұмды деп айтылады.

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 421 121 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 4 336 адам қайтыс болған. 1 тамыздан бері 56 942 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан, 3 446-сы қайтыс болған.

Қазір 24 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Басым бөлігінің ПТР тесті оң шыққан. Олардың ішінде - 7 125 пациент стационарда, 16 897 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 485 адамның жағдайы ауыр,

• 104 пациенттің жағдайы өте ауыр,

• 70 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бірінші дозасын алғандар 3 246 795 адамға жетті. 1 954 372 адамға кемінде екі дозасы салынды.


Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы бері әлемде 181 млн 374 мың адам коронавирус ауруына шалдыққан. 3 млн 928 мың адам қайтыс болған. Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Қазақстан әлемде 45-орында тұр.

Аймақтар бойынша коронавирус жұқтырғандар саны: Нұр-Сұлтан қаласы - 370, Алматы қаласы - 126, Шымкент қаласы - 33, Ақмола облысы - 44, Ақтөбе облысы - 10, Алматы облысы - 43, Атырау облысы - 66, Шығыс Қазақстан облысы - 65, Жамбыл облысы - 31, Батыс Қазақстан облысы - 63, Қарағанды облысы - 288, Қостанай облысы - 45, Қызылорда облысы - 17, Маңғыстау облысы - 25, Павлодар облысы - 45, Солтүстік Қазақстан облысы - 15, Түркістан облысы - 35.

Сонымен қатар, кейінгі тәулікте 1262 адам коронавирустан айығып шықты.

Аймақтар бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы - 313, Алматы қаласы - 147, Шымкент қаласы - 5, Ақмола облысы - 28, Ақтөбе облысы - 29, Алматы облысы - 43, Атырау облысы - 115, Шығыс Қазақстан облысы - 57, Жамбыл облысы - 71, Батыс Қазақстан облысы - 84, Қарағанды облысы - 130, Қостанай облысы - 45, Қызылорда облысы - 23, Маңғыстау облысы - 2, Павлодар облысы - 105, Солтүстік Қазақстан облысы - 42, Түркістан облысы - 23.

Қазақстан бойынша аурудан айыққандар саны - 394 039.