Қазақстанда коронавируспен байланысты адам өлімінің көрсеткіші жоғары болып тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 3 тамызда коронавирустан 158 адам қайтыс болған: 33-і коронавирус пневмониясынан көз жұмған. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп адам өлімі тіркелмеген. Адам өлімі бойынша рекордтық көрсеткіштің жаңарып жатқанына осымен үш күн болды.
Бір күн бұрын денсаулық сақтау саласының мамандары адам өлімінің көбеюіне коронавирустың дельта вариантының жылдам таралуы және вакциналаудың баяулығы себеп деп мәлімдеген.
4 тамызда 7792 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Науқастардың 60 пайызға жуығы Нұр-Сұлтан (1434), Алматы (1570), Шымкент (535), Қарағанды облысында (931) тіркелген. Ақтөбе облысында – 403, Атырау облысында 397 адамнан коронавирус анықталған. Қалған облыстарда 140-300 төңірегінде науқас тіркелген.
Қазір Түркістан облысы коронавирустың тарауы бойынша "жасыл аймақта" тұр. Қалған облыстар мен қалалар "қызыл аймақта".
2020 жылдың наурыз айынан бер 610 мың адамның коронавирус тесті оң көрсеткен. 6402-і қайтыс болған.
Қазақстан билігі пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін 2020 жылдың тамызынан бері есептеп келеді. Содан бері 62 мың адамға сондай диагноз қойылған (3 тамызда 379 адам корнавирус пневмониясына шалдыққан), 3814-і қайтыс болған.
Кейбір сарапшылар коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар ресми мәліметтегіден гөрі әлдеқайда көп деп санайды.
5 тамыздағы мәлімет бойынша, 107 600 адам коронавирус инфекциясынан (–104 377 + және 3 223 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 29 623 пациент стационарда, 77 977 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жүр.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
1 832 адамның жағдайы ауыр,
417 пациенттің жағдайы өте ауыр,
202 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Еске сала кетсек, 3 тамыз күні Қазақстан аумағында 125 адам - коронавирустан, тағы 33 адам - пневмониядан қайтыс болған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 5 584 190 адам вакцинаның I компонентін алса, 4 148 969 адам II компонентімен де егілген.
