17 мам, 2021 сағат 14:39

Қазақстанда сырттан цемент әкелуге 6 айға дейін тыйым салынбақ


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен цементтің бірінеше түрін келуге жарты жылдық тыйым енгізілмек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан үшінші елдерден республика аумағына цементтің жекелеген түрлерін әкелуге алты ай мерзімге тыйым енгізеді. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30 сәуірдегі «Цементтің жекелеген түрлерін әкелуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығында осылай деп жазылған.

Нақтырақ айтсақ, үшінші елдерден Қазақстан аумағына клинкер цемент (2523100000), портландцемент (2523290000), балшықты цемент (2523300000) және гидравликалық цемент (2523900000) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынып отыр. 

Бұйрық мәтінінде Сауда және интеграция министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға тыйым салудың енгізілгені туралы хабарлап, комиссияның қарауына ұсыныс енгізуі керек екені де айтылған.

Құжат Әділет министрлігінде 11 мамырда тіркелген. Алғаш жарияланған сәттен бастап күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.