Қазақстанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта аталды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 5) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта аталсын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады деп белгіленсін», делінген құжатта.
ҚР Президентінің Әкімшілігі ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратымен бірлесіп бір ай мерзімде мемлекет басшысының қарауына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасымен бірге агенттік туралы ереженің жобасын, агенттіктің штат санын қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс.