11 нау, 2021 сағат 11:45

Қазақстанда сұйытылған мұнай газы арзандады – министрлік

Қазақстанда 1 наурыздан бастап автогаз құю стансаларында сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасын уақытша мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі газ және мұнай-газ-химия департаментінің директоры Қуаныш Сәрсекеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2020 жылдың сәуірінде ҚР Президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен автогаз құю станцияларында көліктерге жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілген еді. 

«Қазіргі уақытта автогаз құю стансаларындағы бөлшек сауда бағасын нарық сұраныс пен ұсыныстарды ескере отырып белгілейді. Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасына талдау жүргізді және автогаз құю станцияларындағы қазіргі баға пандемияға дейінгі 2020 жылдың 1 тоқсанына қарағанда республика бойынша орта есеппен 5%-ға төмен. Яғни, қазіргі нарық бағасы бұрын қолданыста болған бағадан да төмен», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі ай сайын ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын құруды жалғастырады. 

Оның 25% қазіргі уақытта электрондық сауда алаңдары (ЭСА) арқылы іске асырылуда.