11 қаз, 2024 сағат 14:53

Қазақстанда сутегі энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді


2024 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің № 342 бұйрығымен елде сутегі энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды Энергетика министрлігіне сілтеме жасаған Ult.kz.

Бұл құжат еліміздегі сутегі энергетикасы секторын дамыту үшін негізгі бағдар болады және жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосатыны айтылады.

Ведомство мәліметінше, тұжырымдамаға ұлттық көміртегі бейтараптығы мақсатына қол жеткізу және парниктік газдар шығарындыларын қысқарту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау сияқты маңызды бағыттар кіреді. Негізгі назар сутегі технологияларын дамытуға және осы саладағы пилоттық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тартуға аударылады. Тұжырымдамада көзделген пилоттық жобалар озық технологияларды енгізуге және елдің энергетика секторында жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.

"Тұжырымдаманы сәтті жүзеге асыру Қазақстаға әлемдік энергетика аренада өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді және көміртекті бейтараптыққа жету жолындағы маңызды қадам болады деп күтіледі", - делінген министрлік хабарында.


Сутегі энергетикасын дамыту Қазақстанның жасыл экономикаға көшу және тұрақты даму стратегиясының маңызды элементі екені айтылған.