18 мам, 2022 сағат 12:12

Қазақстанда "стелс-омикрон" анықталды – министр вирустың қаупі туралы айтты

© AFP 2022 / CHRISTOF STACHE

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирустың "стелс-омикрон" штамына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін "стелс-омикрон" 12 аймақта тіркелген.

"Коронавирус инфекциясының бұл түрі дельта штамға қарағанда жеңіл өтеді. Бірақ оның да қаупі бар, себебі жылдам таралады. Коронавирусты екінші рет жұқтыруға әкеліп соқтырады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, "стелс-омикрон" республика бойынша тарала бастады. Бірақ мамандар эпидемиологиялық жағдайды бақылап келеді.

"Стелс-омикронның" симптомдары бар науқастар өздері де келеді, өзіміз де анықтаймыз. Ол адамдардың барлығы қажетті ем-домды толықтай алып жатыр. Аурудың қазіргі сипаты карантиндік шараларды қажет етпейді. Сондықтан ешқандай шектеулер жоқ", - деп атап көрсетті Ғиният.

Осы орайда министр бетперде тағу режимін енгізудің де қажеті жоқ деді. Бірақ барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.