23 қар, 2023 сағат 15:13

Қазақстанда легионерлер саны 15 пайызға азайды

Фото: sportishka.com

Елде спорт легионерлерінің саны азайып келеді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық федерациялармен бірлесіп, шетелдік спортшыларды тартуды қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Футбол мен хоккейге арналған кәсіптік спорттық ойын клубтарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаражат лимиті 1,2 млрд теңгеден, қалған спорттық ойын түрлері бойынша 450 млн теңгеден аспайтын сома белгіленді. Кәсіптік клубтар белгіленген шектен аспауға тиіс», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, спорттық ойын түрлері федерацияларымен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде легионерлер санын төрттен екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданған.

«Бүгінгі таңда «Қазақстандық футбол тәрбиеленушісі» атағын алған қазақстандық футбол клубтарының ойыншыларына ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, өткен жылдармен салыстырғанда елдегі легионерлер саны 15 пайызға азайды. Бұл отандық спортшыларға сұранысты көрсетеді», - деді Әлихан Смайылов.