03 ақп, 2020 сағат 13:24

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінетін квота 40%-ға қысқартылды - Нұрымбетов

ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек заңнамасын, оның ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша бұзуға жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдайымен жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 19 145 шетелдік азамат еңбек қызметін жүзеге асырады. Олардың ішінде бірінші санатта (менеджерлер мен олардың орынбасарлары) 770 адам (4%), екінші (бөлім меңгерушілері) – 445 (23%), үшінші (мамандар) – 9 632 (50%) және төртінші (білікті) жұмысшылар) – 1818 (9%), маусымдық жұмыстарға 767 (4%), корпоративті ауыстыру аясында 1 744 адам (9%) тартылды.

«Екінші жартыжылдықта Бас прокуратурамен бірлесіп 30-дан аса шетелдік маманды тартқан 95 ірі кәсіпорында тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасына қатысты мыңнан аса заң бұзушылық анықталды, бұл ретте 27 компания нақты жалақы төлеу бойынша 470-ке жуық теңсіздік фактісіне жол берген», —  деді министр.

Б. Нұрымбетовтің айтуынша, шұғыл шаралар қабылдау аясында 397 әкімшілік іс қозғалды, 100 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, бұрын берілген 703 рұқсат кері қайтарып алынды, 507 шетелдік маман елден шығарылды, оның ішінде 250 Қытай, 43 Ұлыбритания, 40 Албания, 30 Сербия азаматы т.б. бар. 

«Бұл тұста бұдан әрі жүйелі шаралар қабылдаудың маңызы зор, сондықтан бүгінде Мәжілісте заң жобасының бірінші оқылымы өтіп жатыр. Қосымша жалақы төлеу және еңбек жағдайларын жасау бойынша тең жағдайлар тудыруға қатысты жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігі белгіленуде. Сонымен қатар біз тәуекелдерді бағалау критерийлерін қарастырамыз. Компанияларды тексеру жиілігін реттейтін құжат бүгінде Әділет министрлігінің қарауында. Ол қабылданған соң еңбек инспекциясы шетелдік жұмыс күшін тартатын ірі компанияларды жыл сайын тексеру мүмкіндігіне ие болады», —  деді министр.

Шетелдіктердің басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді – 8623 адам (45%). Тау-кен өнеркәсібінде 2 213 (12%), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында – 55 (0,3%), кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте 1 557 (8%), өңдеу өнеркәсібінде – 1 397 (7%) шетелдік жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Үкіметі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылға Үкімет 29 мың бірлік көлемінде квота бекітті. Салыстыру үшін, өткен жылы 49 мың адам болған еді. 

«Квота өткен жылдың көрсеткішіне байланысты болмайды, ол жұмыс берушілердің берген өтініштеріне сәйкес болады. Бүгінде заңнама бойынша тәртіп мынадай - барлық компаниялар мен кәсіпорындар жергілікті атқарушы органға келесі жылы өздерінің қанша және қандай мамандарды тартқысы келетіні туралы өтінім береді. 1 тамыздан бастап 1 қазанға дейін жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссия заңнама талаптарына ескерумен жұмыс берушілердің барлық өтінімдерін қарастырады да, басқа орталық мемлекеттік органдармен бірге өз өтінімдерін еңбек министрлігіне тапсырады. Еңбек министрлігі Үкіметке өз ұсыныстарын жеткізеді», — деді министр.

Оның ақпаратынша, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдар 2020 жылға 43 мың шетелдік жұмыс күші адамын тартуға өтінім берген, бірақ министрлік бұл мәселені қайта қарап, адамдар санын 29 мың адамға дейін қысқартуды ұсынды. 

Ол қолданыстағы заңнама бойынша кез келген санаттағы шетелдік маманды тартқаны үшін оны тартқан компания жергілікті бюджетке алым төлеуі тиіс екенін еске салды, мұндай алым мөлшері әрбір маман үшін 346  мың теңгеден 631 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Өткен жылы 8 млрд 230 млн теңге көлемінде осындай алым төленді. 

Айта кетейік, қабылданған квоталар ішкі еңбек нарығын біліксіз шетелдік жұмыс күшінен қорғап, қазақстандық кадрларды көбірек еңбекке орналастыруға, сондай-ақ білікті шетелдік жұмыс күшіне деген жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.