05 шіл, 2024 сағат 11:24

Қазақстанда Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды

Сурет: pm.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл құжат еліміздің сейсмологиялық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Жоспарда мынадай шаралар қарастырылған:

  • - Мониторингті күшейту
  • - Ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету
  • - Жаңа цифрлық технологияларды енгізу
  • - Кадрларды даярлау деңгейін арттыру

Жоспар бойынша 15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленеді. Бұл еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлеріндегі жер сілкінісі ошақтарының 70%-ын болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғимараттар мен құрылыстарды паспорттауға және жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады.

Паспорттау ең осал құрылыс объектілерін анықтауға көмектеседі, оларға сейсмикалық қауіп-қатерді төмендету шаралары қолданылады, мысалы: сейсмикалық күшейту, құнды жабдықтарды қорғау немесе шығару, мақсатты өзгерту.

Сонымен қатар, 285 сейсмикалық станса орнату және қолда бар 70 стансаны жөндеу жоспарланған. Бұл шаралар Алматы облысында және басқа сейсмоқауіпті өңірлерде жер сілкінісін сапалы болжауға мүмкіндік береді.

Жалпы, Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде сейсмикалық қауіпті аймақтардағы азаматтардың, құрылыстар мен инфрақұрылымның қорғалу деңгейі артады. Сондай-ақ, жер сілкінісі болған жағдайда мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдардың әрекет ету жүйесі жетілдіріледі.