09 қар, 2023 сағат 16:57

Қазақстанда Ресейдің қатысуымен үш ЖЭО салынады - вице-премьер

Фото: depositphotos.com

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанда Ресейдің қатысуымен үш ЖЭО құрылысының жобасы жоспарланғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумының ашылуында мәлімдеді.

"Ресейлік тараптың Қазақстандағы үш ЖЭО жобасын жүзеге асыруға қатысуы туралы бүгін тиісті құжатқа қол қойылады. Елдер арасындағы әуе қатынасын кеңейтеміз. Атап айтқанда, Новосибирск және Челябі қалаларында "Qazaq air" рейстерінің санын арттыруды үйлестіріп жатырмыз", - деді Жұманғарин өз сөзінде.

Вице-премьердің айтуынша, бүгінгі форумның тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған.

"Бұл - бүгінгі күннің сын-қатерлеріне байланысты, ең алдымен, елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасаған шаралары. Ресей мен Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенде бірлесіп жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар. Жеткізу тізбегі бұзылған және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрған жағдайда ауыл шаруашылығындағы кооперацияны дамыту маңызды. Жақсы өзара іс-қимылдың мысалдары қазірдің өзінде бар: ресейлік "Экокультура" компаниясы Түркістан облысында ауданы 500 гектар жылыжай кешенін салып жатыр", - деді ол.