Өкпе қабынуына шалдыққандар коронавируспен ауырғандардан 2-3 есе көп. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы, ештеңе жасырылып қалып отырған жоқ. Өкпе қабынуына шалдыққандар санын да көрсетеміз. Таяу уақытта мұны тұрақты негізде, нақты мәліметтерді ұсынып отыруды көздеп отырмыз. Меніңше, бұл жерде мұндай деректерді жария етуге ешқандай кедергі жоқ. Тек барлығы шынайы ауқымды түсінуі тиіс», - деді министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның дерегінше, қазіргі уақытта пневмонияға шалдыққандар саны коронавирус жұқтырғандардан әлдеқайда көп.
«Коронавирус инфекциясы жағдайларына қарағанда өкпе қабынуы 2-3 есе көп. Қазіргі уақытта осындай өсім байқалып отыр. Соңғы кезде өлім-жітім де бар. Шынайы көрініс болуы үшін, мұны да айтып отырамыз. Мұндай деректерді сайтымызда немесе ақпарат көздерінде жариялау жоспарда. Уақытына қатысты айтар болсам, келесі аптада бұл мәліметтерді қолға алып, шынайы жағдайды барлығы көруі үшін жария етуге тырысамыз. Дәрігерлер мұндай деректерді көріп отыр. Егер халықты да ол қызықтыратын болса, онда біз ұсынуға дайынбыз», - деді Алексей Цой.