11 қыр, 2020 сағат 13:32

Қазақстанда отбасын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу ұсынылды

Отбасын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет. Мұндай пікірді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлем елдері екі үлкен жүйеге бөлініп отыр. Біріншісі - англо-саксондық жүйе, екіншісі - шығыстық жүйе. Сонымен қатар шығыстық жүйеге скандинавиялық елдер қосылады. Бұлардың білім беру, тәрбие беру ісіндегі ең басты тренді - тәрбиеге беріледі. Сондықтан біздің қазіргі мемлекеттік білім беру және тәрбие саясатында осы трендке, алдымен, тәрбиені шығаруымыз керек. Сонда ғана жастарымыздың, болашақ қоғамның болмысының алғышарттары қалыптасады», - деді ол Отбасы күні аясында өткен дөңгелек үстел отырысында. 

Оның пайымынша, отбасының негізгі түбірін капитализм жойып жіберді. Капитализм пайда болғаннан кейін жұрт балаларын отбасынан ажыратып, балабақшаға, мектепке берді. Сөйтіп, ата-аналар бала тәрбиелеу ісін балабақша мен мектепке артып қойды. 

«Ал қазіргі пандемия кезеңінде бүкіл әлем өздерінің бұрынғы мемлекеттік саясаттарын қайта қарап жатыр. Демек, қазір отбасына үлкен салмақ түсіп отыр. Баланы оқыту да, тәрбиелеу де ата-ананың мойнына артылды. Енді біз қаласақ та, қаламасақ та отбасына көмек көрсетуді ойластыруымыз керек. Меніңше, Мемлекет басшысының өткендегі Жолдауын негізге ала отырып, мемлекеттік тұрғыдан отбасын қолдау жөніндегі бағдарлама жасақтаған дұрыс болар еді», - деді Кенжехан Матыжанов.