12 мам, 2022 сағат 14:18

«Қазақстанда орыс тілінің ресми мәртебесі алынып тасталады» - фейк


WhatsApp қолданушылары «Қазақстанда орыс тілінің ресми мәртебесі алынып тасталатыны» туралы хабарды бөлісуде. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" StopFake сайтына сілтеме жасап.

Ақпаратты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса теріске шығарды. Ол Мәжіліс депутаттары Конституциядан орыс тілін мемлекеттік тілмен тең қолдану туралы бапты алып тастауды ұсынбағанын мәлімдеді. Халық қалаулысы өзінің Facebook парақшасындағы сөздері контекстен үзіп алынғанын түсіндірген. Оның Мәжілістегі әріптестері орыс тілінің мәртебесін өзгерту туралы ұсыныстар айтпаған.


«Негізі бұл сөздер менің жазбамның контексінен үзіп алынғанын хабарлаймын. Өткен сәрсенбіде мен депутаттық сауал жасағанда, қазақ тілі мемлекетттік тіл ретінде Конституцияда бекітілгенімен, осы уақытқа дейін Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ! Өйткені Конституцияда көрсетілген мемлекеттік статустың өмірде іске асуы үшін арнайы заң қабылдануы керек еді. 

Сондықтан да мемлекеттік органдарға қазақ тілінде хабарласқандар сол мемлекеттік тілде жауап ала алмайтын жағдай жиі кездесуде. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің көбісі  мемлекеттік тілді білмейді, тек орыс тілінде сөйлейді. Бұл жерде 30 жылдан бері ұлты қазақ азаматтар тілдік дискриманцияға ұшырап келеді.

Сондықтан мен 2012 жылы “Ақ жол” партиясының мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру жөнінде заң жобасын жасағанын, оны Үкімет тоқтатып тастағанын еске салдым.

Кезекті рет Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсындық. Мемлекеттік тіл ретінде Конституцияда көрсетілген статус сонда ғана нақты өмірде іске асады.

Міне осы ұсынысты өзге бір топ депутаттар да қолдап, патриоттығын көрсетті, оларға көп рахмет!», – деді Қазыбек Иса.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 5 маусымда өтетін республикалық референдумға шығарылады. Конституциялық түзетулер туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.