Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға дейін 75 жасқа жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі көрсеткіш – 73 жас, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда Парламентте халықтың денсаулығы жөніндегі Кодекс қаралып жатыр. Ол кодекстің негізгі мақсаттары - медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, қазақстандықтардың денсаулығын нығайту, цифрлы денсаулық сақтау саласын енгізу және бақылауды күшейту. Үкімет денсаулық сақтау саласын 2025 жылға дейін дамыту жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Басты міндет – қазақстандық өмір жасының ұзақтығын арттыру. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 73 жас болса, 2025 жылға дейін өмір ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізу көзделуде. Ол үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсартып, медицина қызметкерлерінің айлығын көтеру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті артырып, салаға инвесторлар мен демеушілерді тарту», - деді Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде денсаулық сақтау саласында құны 59 млрд теңгеге 120 жобаны іске асыру көзделген.
«Бізде дәрі-дәрмекпен қамтудың мемлекеттік реттеуі жолға қойылған. Бізде білетіндеріңіздей, дәрі-дәрмек бойынша жыл басында міндетті түрде шу шығып жататын. Биыл бұл мәселені ретке келтірдік. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмек бойынша құны 221 млрд теңгеге жылдық қажеттіліктің 88 пайызы қамтамасыз етілді. Оның 95 пайызы емдеу мекемелеріне жеткізілді», - деді ол.