Фото: Pexels.com
Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Қазақстанда онлайн-несиелердің қолжетімділігі интернет-алаяқтардың көбеюіне ықпал етті дейді. Ол Парламенттегі сөзінде онлайн-несиелерге тыйым салу жөніндегі онлайн-петиция ұйымдастырылғанын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Алайда, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова онлайн-несиелеуге тыйым салуды қолдамады. Оның айтуынша, бұл банктік қосымшалардың қызметін шектейді.
«Бізге онлайн несие беруге тыйым салу туралы ұсыныс келіп түсті. Бірақ қазіргі уақытта барлық дерлік қаржылық, банктік қызметтер цифрландырылған және онлайн режимінде ұсынылады. Бұған қазақстандықтардың көбі мүдделі. Сондықтан қазақстандықтардың онлайн қызметтерге қолжетімділігін шектемеу үшін онлайн несиелерге тікелей тыйым салу ерте деп санаймыз. Оның орнына онлайн-алаяқтықпен күресу үшін басқа тетіктерді қарастыруды ұсынамыз», — деді Әбілқасымова.
Ол тыйым салудың орнына, несиені тексеру үшін оны қарау мерзімін ұзартуды ұсынды. Ұлттық банк те тыйым салуды орынсыз деп санайды.