08 ақп, 2021 сағат 09:48

Қазақстанда өнімін экспортқа шығаратын кәсіпорындарға қандай қолдау көрсетіледі?

Қазақстанда отандық экспорттаушыларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сауда және интеграция министрлігі экспорттық әлеуетті арттыру үшін біршама жоспарды бекітті. Атап айтқанда, өнімін экспортқа шығаруды көздейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. 2021 жылдан бастап QazTrade шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспортын дамыту мен саудалау жөніндегі даму институты сақтандыруды қоспағанда, барлық қызметті ұсынады. Одан бөлек биыл 10 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырып, 2 халықаралық көрмеге (Шанхай (Қытай), Expo Dubai (Біріккен Араб Әмірліктері)) қатысу көзделген. Оның қорытындысы бойынша 100 мың АҚШ доллары сомасына 80 экспорттық келісімшартқа қол қоямыз деген ойдамыз», - деді вице-министр Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында. 

Сонымен қатар 2021 жылы экспортты ілгерілету мақсатында 130 жаңа экспорттаушы сыртқы нарыққа шығуды көздеп отыр. Оның елуі Alibaba халықаралық электронды платформасына енгізілмек.

«KazakhExport құралдары шеңберінде экспорттаушыларға 200 миллиард теңгеге дейін сақтандыру бойынша қолдау көрсету жоспарланып отыр.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа заң шеңберінде отандық өңделген тауарларды сатып алатын шетелдік бизнес өкілдеріне қол көрсетіледі. Одан бөлек «Қазақстан Республикасының экспорттық-несиелік агенттігі туралы» заң жобасы әзірленеді. Ол құжат биыл қабылданып үлгерер деген үміттеміз», - деді ол.