17 қыр, 2020 сағат 13:27

Қазақстанда нысандар құрылысының құнына байланысты нақты лимиттер бекітілді

ҚР ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті құрылыс бағасын арзандатуды көздеп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрліктің мәліметінше, комитет нысандардың құрылысының құнына нақты лимиттерді белгілеген. Алдағы уақытта өңірлер бойынша бірдей нысандар құрылысының құны да бірдей болуы тиіс. Ол үшін нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп, барлық әлеуметтік және азаматтық-тұрғын үй нысандарының құрылысына шекті құнды (лимиттерді) белгілеу бойынша Жол картасы әзірленген. 

«Екіншіден, баға қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе әзірленді. Бағалауды қалыптастыру толығымен ведомстволық статистика негізінде жүзеге асырылатын болады. Үшіншіден, заңнамаға үлгілік жобаларды міндетті қолдану, жобалардың бірыңғай электрондық банкін құру, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен бірінші жауапкершілік деңгейіндегі нысандардың сараптамасын мемлекеттік сараптамаға беру бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұл түзетулер бизнес-климатты дамыту мәселелері бойынша заң жобасы аясында әзірленіп, Парламенті Мәжілісіне енгізілді», - деп хабарлайды министрліктен.

Сондай-ақ жобаларды жобалаумен және сараптаумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын қатаңдату жоспарланып отыр. Смета жасушыларға қойылатын біліктілік талаптарының тізбесіне, оның ішінде бейінді білімінің болуына талдау жүргізіледі.

«Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық жобаларды іске асыру жұмысы жалғасуда. Бекітілген Жол картасына сәйкес заңнамаға түзетулер әзірленді. Мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, қаржыландыру, өткізу жүйесі саласындағы түзетулерді осы жылдың тамызына қарай бекіту жоспарланып жатыр. Түзетулер енгізу бойынша жауаптылар – Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері. Құрылыс саласында-құрылыстың бастапқы құнын анықтау әдістемесі дайындалды. Тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін әкімдіктер пилоттық жобаларды іске асыра бастайды. Биылғы жылы құрылыс саласының ашықтығын және цифрландырылуын толық қамтамасыз ететін құрылыс нормаларын цифрландыру және цифрлық модельдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыс басталды. 2020 жылы 36 нормативтік-техникалық құжат, 2021-2023 жылдары – 195 құжат цифрландырылатын болады», - делінген хабарламада.