#
#
Сенбі 31/10/2020

Қазақстанда мүгедек жандарға арналған мамандықтар атласы жасалады

  • 17.09.2020
  • 0
  • 209

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектердің әлеуметтік қорғалуын жақсартатын заң жобасын жасап шығарды. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен онлайн режимде өткен мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Ал ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. 

Шараға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, балалар және адам құқықтары жөніндегі омбудсмендер Аружан Саин мен Эльвира Әзімова, «Nur Otan» партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы Динара Зәкиева, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

«Бүгін Үйлестіру кеңесінің 80% жаңартылған жаңа құрамы жиналды. Оған 40 адам кіреді, оның 43%-ы немесе 2/3 бөлігіөңірлік үйлестіру кеңестерінде сайланған мүгедектігі бар адамдар. Алғаш рет Үйлестіру кеңесінің 10 мүшесі немесе25%-ы интернет-дауыс беру арқылы сайланды. Дауыс беруге 22 мыңнан астам адам қатысты. Бұл тиісті мәселеге қоғамның кең қызығушылығы барын тағы бір мәрте дәлелдеді», - деді Ералы Тоғжанов Үйлестіру кеңесінің отырысын ашқан кезде.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ағымдағы жылы Үкімет мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғауға 435 млрд теңге бөлгенін, келесі жылы қаржыландыру 457 млрд теңгеге дейін өсетінін атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және вице-министрі, денсаулық сақтау, білім және ғылым, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрлері кездесуге қатысушыларды мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды іске асыру барысынан хабардар етті.

Мәселен, Біржан Нұрымбетов, Қазақстанда 705,5 мың мүгедектігі бар адам тұратынын, оның 430,4 мыңы немесе 61%-ы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар екенін жеткізді. Олардың тек төрттен бір бөлігі ғана жұмысқа тартылған, ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ды құрайды.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейін жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесін 30%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті жұмыспен қамту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тұрғысынан пайдаланылады. Тек өткен жылы 16,3 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды, 2,2 мыңы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 1 236 грант және 672 микрокредит берілді», - деді министр.

Сондай-ақ, республикада түрлі компаниялардың қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар мүгедектерді жаңа дағдыларға, оның ішінде онлайн режимде үйрету бойынша жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда.

«Бұдан басқа, «Даму» қорымен бірге акселерация, ауқымды кеңейту, бизнес-тәлімгерлік, оқыту, жаңа нарықтарға шығуға жәрдемдесу және тағы басқа бағыттарды қамтитын қаржылық емес қолдау көрсету үшін «scale-up» бағдарламасы аясында бизнесте жүрген немесе ісін жаңадан бастаған мүгедектігі бар адамдардың 75 жобасы іріктеп алынды», - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, мүгедектерге арналған мамандық таңдаудың шектеулі болуына байланысты Қазақстанда алғаш рет БҰҰДБ-мен бірлесіп, мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған Мамандықтар атласын әзірлеу бойынша жоба жүзеге асырылуда. Бұл жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына және HR саласындағы жеке агенттіктерге шектеу түріне байланысты қолайлы бос жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік береді.

«Атласта организм функцияларының бұзылу түрлеріне байланысты мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша ұсыныстар болады. Бос жұмыс орындарын таңдау процесін автоматтандыру үшін осы Атласты «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасымен интеграциялау жоспарланып отыр», - деді Біржан Нұрымбетов.

Кеңес барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың қатысуымен, Сенат жанындағы жұмыс тобының ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамадағы кемсіту сипаты бар терминдерді жою, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту және жұмыспен қамтылуын ынталандыру.

Негізгі жаңалық - Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның талаптарына сәйкес, «мүгедек» терминін «мүгедектігі бар адам» деп өзгерту.

Үнемі күтімді қажет ететін І топтағы мүгедектердің құқығын қорғау үшін осы санаттағы азаматтарға қамқорлық жасайтын адамдарға арналған жәрдемақы енгізу көзделген. Жеке көмекші қызметін көрсету тәсілдері қайта қаралады.

«Мүгедектегі бар адамдардың ұсыныстарын ескере отырып, 2023 жылдан бастап «Инватакси» қызметін Әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру жоспарланып отыр. Мұнда азаматтар өз бетінше қызметті таңдап, ыңғайлы мобильді қосымшалар арқылы таксиге тапсырыс бере алады», - деп хабарлады ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.

Сонымен қатар, отырыс барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, мүгедектіктің алдын алу, мүмкіндіктері шектеулі балаларға кешенді түрде көмек көрсету, инклюзивті білім беруді жетілдіру және тағы басқа мәселелер қаралды.

Кездесу соңында Ералы Тоғжанов орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Ұлттық жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, заң жобасын қоғам пікірін ескере отырып әзірлеуді тапсырды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар