Сенатор өз сауалында Бас прокуратура мен ІІМ тарапынан бағалап, "дәл осы жағдайда" жауапкершілік қарастыруды ұсынды.
"МСМ және Алматы әкімдігі жауапты ма? Олар неліктен үндемейді? Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады. Концертті кім ұйымдастырды? Қалтасында үлкен ақшасы бар адамдар ма? Оларға осындай мөлшерде айыппұл төлеу айтарлықтай шығын емес. ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша әртістердің көпшілік алдында әдепсіз сөздері ұсақ бұзақылыққа жатады. Бұл үшін 5 АЕК айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. 440-бап бойынша ішімдікті көпшілік алдында ішкені және есірткіні пайдаланғаны, көпшілік алдына осылай келгені үшін жауапкершілік көзделеді. Еліміздің заңында шығармашылық еркіндікке кепілдік берілген. Бостандықты ақылсыздықпен шатастыруға болмайды. Ар-ождан мен ұят ұлттық құндылықтардың өзегі болуы тиіс", - деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор көптеген елде концерт өткізу заңдары бар екенін, бүкіл ел алдында орындалатын шығармалардың мазмұны мен мәтіні осы елдің идеологиясына сәйкес келе ме, жоқ па, орындаушының жеке беделі қандай екеніне тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, бағыт, репертуар мәселелері, концерттің қауіпсіздік шарттары қатаң қадағаланатынын айтты.
Депутат заңның мемлекеттік рәміздерді қорлау жөніндегі баптарын барынша қатаңдатуды, айыппұлдың белгіленген мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды.
"Мәдениет туралы" заңға жекелеген шығармашылық өкілдерінің, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін баптар енгізілсін, әншілерді әдепсіз сөздері, халықты құрметтемегені, есірткі мен ішімдіктерді қолданғаны үшін сахнадан бес жылға дейін шеттетсін. Мәдениет министрлігі жанынан репертуарлық алқа мен республикалық және өңірлік көркемдік кеңестер құрылсын. Бұқаралық-мәдени іс-шараларды өткізу талабына халықтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау және құрметтеу ережелерін енгізіп, осы талаптарды бұзған шығармашылық ұйымдардың қызметін бес жылға дейін шектесін", - деп ұсынды Нұртөре Жүсіп.
Еске сала кетейік, жуырда Алматыда өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza лақап атымен танымал Асхат Жолшиев өрескел әрекет жасады. Жас әншілер сахнаға мас күйінде шыққаны аздай, Асхат Жолшиев мемлекеттік туды қорлаған.
Бұдан бөлек, өнерпаздар бейәдеп сөздер айтқан. Осы оқиғадан кейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде өнерпаздарды сынады.
Көп ұзамай "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов видео арқылы халықтан кешірім сұрады. Әртіс сахнаға ішімдік ішіп шыққанын мойындап, қателік жасағанын, осы жайт оған үлкен сабақ болғанын айтты.