17 там, 2020 сағат 14:32

Қазақстанда медициналық маска тақпаған 2 778 адамға айыппұл салынды

2020 жылдың 5 шілдесінен бері жабық ғимаратта, қоғамдық орындарда және көшеде маска тақпағаны үшін 2 778 адамға айыппұл салынды. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылғы шілденің 5-інен бастап маска тақпағаны үшін 2 778 жеке тұлға айппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың басым бөлігі, нақты айтқанда 2 472-сі маска тағу міндетті жабық ғимараттың ішінде маскасыз жүргені үшін айыппұл арқалады. 306-сы қоғамдық орындар мен көшеде талаптарды орындамағаны үшін жауапқа тартылған болатын», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның айтуынша, карантин талаптарын бұзғандар денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен жасақталған топ жүргізетін рейдтердің барысында анықталған. 

Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлері де шолғындау барысында карантин талаптарының бұзылуын анықтап, істі Денсаулық сақтау министрлігінің бөлімшелеріне жібереді. Сол жерде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім қабылданады», - деді Бағдат Қожахметов.