Қазақстанда латын графикасындағы әліпбиге негізделген жалпыхалықтық диктант басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Диктант бір уақытта өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өтеді. Акцияның ұзақтығы - 30 минут.
«Республикалық акция еліміздің барлық өңірін қамтиды және оған қатысу үшін шамамен 1,5 млн қазақстандық тіркелген болатын. Бірақ соңғы күндері тағы 500 мың адам диктантқа қатысу үшін тіркелді. Яғни, шамамен 2 млн-ға жуық адам жаңа әліпбиді меңгеру деңгейін бағамдай алады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.
Сондай-ақ, қашықтықтан қатысуға ниет білдірген республика тұрғындары үшін диктантты тыңдау Астана уақытымен сағат 11.00-де emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және «Қазақ радиосы» арналарында тікелей эфирде қолжетімді болмақ.
Диктанттың тақырыбы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрады. Диктант аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.