08 шіл, 2025 сағат 11:49

Қазақстанда қымбат дәрі-дәрмектер арзандайды: Денсаулық сақтау министрлігі ірі фармкомпаниялармен келісімге келді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі халық үшін маңызды дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру мақсатында ірі фармацевтикалық компаниялармен меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, әлеуметтік маңызы бар және қымбат препараттардың бағасы төмендейді, деп хабарлайды Ult.kz.

Меморандумға «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС және «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС сынды жетекші компаниялар қол қойды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл келісімдер фармацевтикалық нарықты тұрақтандырып, заманауи емге қолжетімділікті кеңейтеді әрі елдегі инвестициялық ахуал мен өндірісті жергіліктендіруге жол ашады.

«АстраЗенека» компаниясы бөлшек және көтерме саудада сатылатын бірқатар маңызды препараттардың бағасын төмендетпек. Бұл жаңалық миллиондаған пациентке қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуге мүмкіндік береді.

Ал «Johnson & Johnson» компаниясы сирек кездесетін әрі өмірге қауіп төндіретін жұлын бұлшықет атрофиясын емдейтін Спинраза (Нусинерсен) препаратының құнын қайта қарауға келісті. Бұл мемлекеттік шығындарды оңтайландырып, пациенттерге ұзақмерзімді дәрілік қолдау көрсетуді жеңілдетпек.

Тағы бір маңызды қадам – «Химфарм» АҚ-мен меморандум. Компания 2 типті қант диабетін емдеуге арналған Дапаглифлозин препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін жеткізді. Қазақстанда бұл аурумен 520 мыңнан астам адам тіркелген.

Меморандумда мынадай негізгі бағыттар қамтылған:

  • дәрі бағасына рұқсат етілген үстемелерді сақтау;

  • баға динамикасын бақылау;

  • үздік халықаралық тәжірибемен алмасу;

  • инновациялық препараттарды қаржыландыру тетіктерін дамыту;

  • дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты заңнаманы жетілдіру.

Министрлік барлық фармацевтикалық нарық қатысушыларын халықтың денсаулығын жақсартуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жауапты қадамдарды қолдауға шақырды.