27 жел, 2023 сағат 15:20

Қазақстанда қос билік жоқ – Қошанов

Фото: elbasy.kz

Қазақстанда ешқандай қос билік жоқ. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қоғамда "жаңа және ескі Қазақстан арасында кикілжің бар" деген пікір жүр. Бұған бұрынғы президент Назарбаевтың Астанада кездесу өткізіп, одан кейін Ресейге Путинмен кездесуге баруы себеп. Халықтың алаңдауына негіз бар ма?", - деп сұрады журналистер Мәжіліс кулуарында.

"Адамдардың алаңдауына еш негіз жоқ. Біріншіден, бүгінде елімізде ешқандай қос билік жоқ, болуы да мүмкін емес. Бүгінгі күні барлық шешімді халықтың басым көпшілігі сайлаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қабылдап отыр.

Ең алдымен, бұрынғы президент мемлекеттік мәселелер мен мемлекеттік істерге араласпайды.

Екіншіден, оның өткізген кездесулері немесе іс-шаралары, жасаған сапарлары – азамат ретінде жеке құқықтарын пайдаланып жүзеге асыратын жеке шаралары мен кездесулері", - деді Қошанов журналистер сауалына жауап беріп.

Айта кетейік, екі апта бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев "Астана клубының" жетінші отырысына қатысты.

Сондай-ақ жуырда Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен еді.