19 нау, 2021 сағат 11:26

Қазақстанда коронавирустың «британдық», «бразилиялық» штамдарға ұқсас белгілері анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында коронавирустың айналымдағы өзге де штаммдарына зерттеу жүргізуде. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Covid-19 штаммдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдістемесі енгізілді. 2021 жылғы 17 наурызда Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы Алматы қаласы бойынша КВИ-мен ауыратын науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді. Зерттеу нәтижелері бойынша «британдық», «Оңтүстік Африка», «бразилиялық» штамдарға ұқсас ықтимал мутация анықталды. Мутацияны және оның осы штаммдардың біріне жататынын нақты растау толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін бір ай ішінде айқындалатын болады», - деді министр. 

Айта кету керек, КВИ-дің алдын алу және мутацияны емдеу шаралары қолданыстағы тәсілдерге ұқсас.

«Бұл маска режимін және әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адам көп жиналатын орындарға бармау, сондай-ақ халықты жаппай вакцинациялау.

Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығының мәліметтері бойынша қазір Қазақстан Республикасында қолданылатын Гам-КОВИД-Вак (Спутник V) вакцинасының «британдық» штамға тиімділігі дәлелденді», - деп толықтырды министр.