08 там, 2021 сағат 11:10

Қазақстанда коронавирустан тағы 122 адам қайтыс болды


Қазақстанда 6 тамыз күні коронавирустан 122 адам көз жұмды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, Нұр-Сұлтанда 20, Алматыда 19, Шымкентте 18 және Қарағанды облысында 13 кісі жан тәсілім еткен. Тек Түркістан облысында ғана аталған күні кісі өлімі тіркелмеген.

Коронавирустың ресми статистикасында аурудан қайтыс болғандардың жалпы саны 10651-ге жетіп отыр. Билік бұдан бөлек коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан көз жұмғандардың" есебін жүргізіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы маусым аралығында бұл тізімде 2367 адам болған.

Елде маусым айынан бері коронавирустың "дельта" варианты тез тарап, осы күндері тәулік сайын 8 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Індет басталғалы коронавируспен 697 580 адам тіркелген. Бірақ мамандардың айтуынша, вирус жұқтырғандар саны бұдан көп. Билік былтыр тамызға дейін науқастарды тек оң нәтижесі ПТР анықтамасы бойынша тіркеп келген. Сөйтіп оған дейінгі маусым және шілде айларында пневмонияға шалдыққан жүздеген мың адам коронавирус статистикасына кірмей қалған.

Вакциналау науқанын биыл 1 ақпанда бастаған Қазақстанда 4 миллион 356 мың 279 адам толық вакциналанып үлгерген. 1 миллион 371 мың адам коронавирус екпесінің бірінші компонентін алып, екіншісін тосып отыр.


Вакцина салдырудан елімізде Алматы қаласы бірінші орында, 768 мың адам екпенің бірінші компонентін, 601 мың адам екінші компонентті салдырған. Екінші орында Түркістан облысы, 624 мың адам екпенің бірінші бөлігін алса, екінші бөлігін 455 мың адам егілген. Үшінші орында Алматы облысы тұр. Өңірде 581 мың вакцинаның бірінші компонентін, 439 мың адам екінші компонентін алған.


19 миллион халқы бар Қазақстанда 10 миллион адам екпе салдыруға жатады.