03 ақп, 2021 сағат 15:28

Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан 310 адамның жағдайы ауыр

Коронавирусқа шалдыққан 310 адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылдың басынан бері республика бойынша денсаулық жағдайы ауыр пациенттердің саны едәуір төмендегені байқалады. Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде ауыр науқастардың саны алдыңғы аймен салыстырғанда өсіп келеді. Ол: Атырау, Қарағанды, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында. 3 ақпандағы жағдай бойынша республикада коронавирус инфекциясы бар жағдайы ауыр науқастардың саны – 310 адам. Жағдайы өте ауыры - 57. Жасанды тыныс алу аппаратында 52 пациент бар», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның дерегінше, пациенттердің 64 пайызы коронавирустың оң диагнозы бар науқастар. Тәулігіне реанимацияға 30-дан 50-ге дейін науқас түседі. Реанимация бөлімшесіндегі ауруларды талдау кезінде пациенттердің 70 пайызға жуығында қант диабеті, артериялық гипертензия, өкпенің обструктивтік ауруы, семіздік, бауыр циррозы және онкологиялық аурулар сияқты жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар екенін көрсетіп отыр. 

«Осы пациенттердің 66 пайызы алғашқы тәулікте ауыр күйде түсіп жатыр. Бұл көбінесе үйде өз бетінше емделу әрекетінен кейін медициналық көмекке кеш жүгінуді білдіретінін айта кету керек. Учаскелерде COVID-19 симптомсыз, жеңіл нысаны бар науқастарды амбулаториялық бақылаудың чек-парақтары, COVID-19 бар баланың жағдайын бақылау бойынша ата-аналарға арналған чек-парақтар жүргізілуі тиіс», - деді Ажар Ғиният.