16 қар, 2020 сағат 07:21

Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан тағы 9 адам қайтыс болды

15 қарашада Қазақстанда 48 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, 24 адам жазылды, өткен тәулікте пневмонияның осы түрінен 2 адам қайтыс болды.

Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмонияға бөлек код беріп, пневмонияның сол түріне шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Содан бері 40 197 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 420 адам қайтыс болған, 29 580 адам жазылған.

Бейсенбі күні коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 7 адам өлімі тіркелген, наурыз айынан бері коронавирустан қайтыс болғандар саны 1945 адамға жетті. Елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 121 051 адам бар: 109 944-і жазылған.

Қазір 9 162 адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың арасында 458 бала бар. Стационарларда 3 041 науқас жатыр. 6 121 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 217 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 22 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 23 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.