13 қар, 2020 сағат 06:35

Қазақстанда коронавирус пен пневмониядан тағы 9 адам қайтыс болды

12 қарашада Қазақстанда 179 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды, 65 адам жазылды. Сондай-ақ өткен тәулікте пневмонияның осы түрінен 3 адам қайтыс болды.

Қазақстан билігі 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмонияға бөлек код беріп, пневмонияның сол түріне шалдыққандарды бөлек есептеп келеді. Содан бері 39 724 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 415 адам қайтыс болған, 29 416 адам жазылған.

Бейсенбі күні коронавирус жұққаны тестпен расталғандар арасында 6 адам өлімі тіркелген, наурыз айынан бері коронавирустан қайтыс болғандар саны 1924 адамға жетті. Елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 119 129 адам бар: 108 958-і жазылған.

«Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 8 247 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 437 бала бар. Стационарларда 2 924 науқас жатыр. 5 323 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. 

Жалпы науқастардың арасында 192 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 20 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 27 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.