22 шіл, 2021 сағат 09:50

Қазақстанда коронавирус пен "пневмониядан" бір күнде 77 адам қайтыс болды


21 шілдеде Қазақстанда 5708 адамның коронавирус тесті оң нәтиже көрсетті. Індет басталғалы бері бір күнде осынша көп науқас тіркелмеген. Екі күн бұрын 34 адамға коронавирус пневмониясы жұққан. Денсаулық сақтау министрлігінің бейсенбі күнгі хабарламасында осындай ақпарат жазылған.

Министрлік коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткішіне байланысты екі күн бұрынғы мәліметті жариялайды. 20 шілдеде 77 адам коронавирус пен коронавирус пневмониясынан қайтыс болды.


Кейінгі апталарда бұрын-соңды болмаған коронавирус көрсеткіштері тіркеліп жатыр. Денсаулық сақтау саласының мамандары мұны "дельта штаммен" байланыстырады. Ол вирустың кәдімгі түріне қарағанда әлдеқайда тез жұғады әрі ушығуы да жылдам.

Қазір Нұр-Сұлтанда күн сайын орташа есеппен 1200-1300 адамнан коронавирус анықталып жүр. Бұл ө республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бір тәулікте Алматыда (өткен тәулікте 993) мен Қарағанды облысында (698) жүздеген науқас анықталып жатыр. Қалған облыстар мен қалаларда 90 мен 450 аралығында науқас тіркеліп жүр.

Елде вирус күшейді. Қазір "жасыл аймақта" бірде-бір облыс не қала қалған жоқ. Түркістан мен Шығыс Қазақстан облысы "сары аймақта". Қалған облыстар мен қалалар "қызыл аймақта" тұр.

Індет басталғалы бері 509 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ ДДСҰ нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.

Бұдан бөлек ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 58 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 5180 адам қайтыс болған. 3575 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.

22 шілдедегі мәлімет бойынша 67 475 адам коронавирус инфекциясынан (65 808 КВИ+ және 1 667 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 20 526 пациент - стационарда, 46 949 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

1 190 адамның жағдайы ауыр,

272 пациенттің жағдайы өте ауыр,

168 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Бұған дейін ауруханаларда орын жетпей жатқаны хабарланды. Кейбір қалаларда қонақ үйлер, спорт кешендері инфекциялық стационарға айналды.

22 шілдедегі дерек бойынша, Қазақстанда 5 миллион адам коронавирус екпесінің кемі бір компонентін салдырған. Екпені толық алғандар 3 миллионға жуықтады.

Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.




Коронавирус жұқтырғандардың аймақтар бойынша көрсеткіші: Нұр-Сұлтан қаласында - 1369, Алматы қаласында - 993, Шымкент қаласында – 418, Ақмола облысында – 186, Ақтөбе облысында - 192, Алматы облысында - 178, Атырау облысында - 386, Шығыс Қазақстан облысында - 107, Жамбыл облысында - 97, Батыс Қазақстан облысында - 170, Қарағанды облысында - 698, Қостанай облысында - 149, Қызылорда облысында - 139, Маңғыстау облысында - 207, Павлодар облысында - 197, Солтүстік Қазақстан облысында - 99, Түркістан облысында - 123.


Сондай-ақ, елде 2 487 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан:


Нұр-Сұлтан қаласында - 283,

Алматы қаласында - 240,

Шымкент қаласында - 115,

Ақмола облысында - 129,

Ақтөбе облысында - 0,

Алматы облысында - 81,

Атырау облысында - 170,

Шығыс Қазақстан облысында - 43,

Жамбыл облысында – 102,

Батыс Қазақстан облысында - 222,

Қарағанды облысында - 575,

Қостанай облысында - 91,

Қызылорда облысында - 46,

Маңғыстау облысында - 150,

Павлодар облысында - 160,

Солтүстік Қазақстан облысында - 48,

Түркістан облысында - 32.