22 шілдеде Қазақстанда 6119 адамның анализінен коронавирус анықталды. Індет басталғалы бері алғаш рет бір күнде анықталған науқас саны 6 мыңнан асып отыр.
Қазір Қазақстанның барлық өңірінде вирус күшейген. Коронавирус бойынша "жасыл аймақта" бірде-бір облыс не қала қалмады.
«Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.
«Сары» аймақта: Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары.
Індет әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматыда ушығып тұр. Бір күн бұрын астананың денсаулық сақтау саласы мамандары инфекциялық ауруханадағы орындардың 72 пайызы толып кеткенін хабарлаған. Алматыда инфекциялық стационарлар жартылай толған. Екі қалада күн сайын шамамен 300-400 адам ауруханаға түседі. Коронавирус жұқтырғандарды жатқызатын қосымша орындар әзірленіп жатыр.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1381 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 996, Қарағанды облысында 794 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулікте анықталған науқастар 500-ге жетпейді. 22 шілдеде ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (78) тіркелген.
Індет басталғалы бері 516 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұған коронавирус жұқтырып қайтыс болған 2300-ден астам адамның өлімі кірмей қалған. Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, олар "өзге аурудан қайтыс болған". Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығында оқыс жағдайдан өзгенің бәрін коронавирус өлімі статистикасына қосу қажет деп жазылған.
Бұдан бөлек ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 59 мыңнан астам адам шалдыққан. 21 шілдеде 233 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны белгілі болды.
2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 5,2 мың адам қайтыс болған. 3,5 мың адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.
21 шілдеде 64 адам - коронавирустан, 10 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмған.
23 шілдедегі мәлімет бойынша, елде 71 221 адам коронавирус инфекциясынан (69 436 + және 1 785 КВИ -) емделіп жатыр. Олардың ішінде 21 096 пациент стационарда, 50 125 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 1 258 адамның жағдайы ауыр,
• 274 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 166 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Қазақстанда ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3 миллионнан асты.
Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.
Коронавирус жұқтырғандардың аймақтар бойынша өткен тәуліктегі көрсеткіші:
Нұр-Сұлтан қаласы - 1381,
Алматы қаласы - 996,
Шымкент қаласы - 488,
Ақмола облысы - 189,
Ақтөбе облысы - 230,
Алматы облысы - 230,
Атырау облысы - 489,
Шығыс Қазақстан облысы - 78,
Жамбыл облысы - 105,
Батыс Қазақстан облысы - 235,
Қарағанды облысы - 794,
Қостанай облысы - 156,
Қызылорда облысы - 129,
Маңғыстау облысы - 205,
Павлодар облысы - 203,
Солтүстік Қазақстан облысы - 110,
Түркістан облысы - 101.
