28 нау, 2022 сағат 18:47

Қазақстанда кеңсе қағазының құны 67 %-ға өсті


Былтыр ішкі нарықта пайдалану үшін Қазақстанға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы, яғни 51 мың тоннасы жеткізілген, деп хабарлайды Қазақпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми дереккөзінде мұның 61 %-ы Ресей Федерациясынан жеткізілгені жазылған. Ал 30 %-ы – Түркиядан, 8 %-ы ҚХР-дан импортталған. 

«Қазақстан нарығына А4 форматындағы қағаз өнімдерінің басым бөлігі «Снегурочка» және SvetoCopy брендтерімен ұсынылған. Өткен жылы А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құрады. Биылғы наурызға қарай бағалар орта есеппен 1 мың теңгеге немесе 67 %-ға өсті. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалайды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Бағаның өзгеруі Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістерге байланысты екен. Сонымен қатар РФ-да кеңсе қағазын өндіру көлемінің қысқаруына орай орын алып отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстанда кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша екі зауыт жұмыс істейді. 2021 жылы кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз бумасын өндірген, бұл ішкі нарықтағы барлық тұтыну көлемінің 5 %-ын ғана құрайды.

«Qagaz Ordasy» ЖШС жылына 3 млн бума, ал «Goida.kz» 3,6 млн А4 кеңсе қағазын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі Ресей мен Финляндияда өндіріледі. Алайда, ресейлік зауыттар бұл компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері арқылы саудалайды. Сәйкесінше, бұл сауда-саттықты шектеп отыр», - деп түсіндірілген ақпарат көзінде.