12 қаң, 2021 сағат 15:40

Қазақстанда карантин талаптары күшейтілуі мүмкін

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов ел тұрғындарына үндеу жасап, карантиндік шаралар күшейтілуі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, соңғы айда Қазақстанның бірнеше өңірінде COVID-19 науқастары көбейді. ҚР «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. 

«Соңғы айда Атырау облысында науқастардың 3,7 есе өсуі байқалады. Алматы обылсында – 1,8 есе, Қарағанды облысы мен Алматы қаласында – 1,5 есе өскен. Маңғыстау облысында – науқастар саны 81-ден 315 жағдайға дейін, Түркістан облысында – 102-ден 256 жағдайға дейін, Шымкент қаласында 150-ден 195 жағдайға дейін, Қызылорда облысында 48-ден 135 жағдайға дейін өсу байқалады. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай ескере отырып, бүгінгі күні халықтың көп жиналуын азайтуға бағытталған карантиндік шараларды күшейту қарастырылып жатыр», - деді Ерлан Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Сонымен бірге, бас санитарлық дәрігер қазақстандықтарға үндеу жасады. 

«Азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдарынан елімізде эпидемиологиялық жағдай нашарлады. Сондықтан, қонаққа бармауға және қонаққа шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтауға, медициналық маска тағуға, антисептиктер қолдануға шақырамын», - деді Ерлан Қиясов.