19 қаз, 2020 сағат 12:45

Қазақстанда қанша шетелдік жұмыс істеп жүр?

2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға 16 мың 105 рұқсат қолданыста, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«641 рұқсат бірінші санат бойынша (басшылар және олардың орынбасарлары), 3 449-ы екінші санат бойынша (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) берілді. Шетел жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша берілді – тиісінше 7 461 және 1 125 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 735 адам, корпоративтік ауыстыру аясында 1 694 адам тартылды», - делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінде. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1785 жұмыс беруші бар. Оларда 455 816 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96 пайызын құрайды.

Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Украина – 3 511 адам, Таиланд – 1 723, Түркия – 1 669, Өзбекстан – 1 186, Сербия – 1 065.

Еске сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылға оларды тартуға квота республиканың экономикалық белсенді тұрғындарының 0,32% -ы мөлшерінде (шамамен 29,3 мың адам) белгіленді.