Қазақстанда өңірлердегі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2020 жылға арналған квотасы бекітілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министрдің "2020 жылға арналған қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын бекіту туралы бұйрығы шыққан болатын. Соған сай, 2020 жылы қандастарды қабылдау үшін 1 378 адамға, ал қоныс аударушыларды қабылдау үшін 4 750 адамға өңірлік квота бөлінді.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен "оралман" сөзі "қандас" сөзімен ауысты. Бұл заңға өзгерістер 2020 жылы енді.
Қандастар – Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде республикадан тыс жерлерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар. Бұдан басқа, қандастар – Қазақстан егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туған және тұрақты тұрған этникалық қазақтардың балалары.
2020 жылы 11 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, оларға қандас мәртебесі берілді.
2020 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша, 10,9 мың адам Қазақстанға, түпкі отанына оралды.
Айта кетейік, 1991 жылдан бері елге бір миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралған.
Ресми деректерге сәйкес, 2020 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі Қытайдан келді. Сонымен қатар 27,7%-і – Өзбекстаннан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және басқа да елдерден 2,9%-і келген.
Қазақстанда тұратын қандастар мен олардың ұрпақтары жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алады.
Ол үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменті басшысының атына өтініш беру қажет.
Сонымен қатар қандастар тұрақты тұруға рұқсат беруге және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдауды тіркеуге өтініш-сауалнама толтыруы қажет. Бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариат куәландырған өтініші де керек. Сондай-ақ, республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтау туралы міндеттеме, республиканың мүдделерін, оның аумақтық тұтастығын қорғау, әдет-ғұрыптарға, дәстүрлерге, мемлекеттік тілге және оның аумағында тұратын барлық ұлт өкілдерінің тілдеріне құрметпен қарау, Қазақстанның күш-қуатын, егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ету міндеттемесін де қоса өткізеді.
Заңға сәйкес, Қазақстанның азаматтығын алғысы келетін қандас ұлттық паспорттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстырып тексеру үшін) не азаматтығы жоқ адамның құжатын, бірлесіп жүгінген кезде 16 жасқа толмаған баланың туу туралы куәлігінің немесе жеке басын куәландыратын басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасын да қоса өткізуі қажет.
Қазақ немесе орыс тілдеріндегі жеке өмірбаянын, азаматтығы тиесілілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы, өтініш берушіге тұруға тұрғын үй беру және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке немесе заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісімін де өтініш арасына қосады.
Бұл бұйрық 2021 жылдың 1 қаңтардан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.