12 қаң, 2021 сағат 14:00

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді – Ұлттық банк

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді. Бұл туралы Ұлттық бактің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша 2020 жылы желтоқсанда Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексі 49,0-ге дейін 0,4 пайыздық тармаққа төмендеді.

«Индекстің төмендеуі көбіне құрылыстағы көрсеткіштің 49,5-ке дейін 3 тармаққа төмендеуіне негізделді. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік индексі 48,0 деңгейінде (2020 жылғы қарашада – 48,7) қалыптасты. Бұл ретте, өнеркәсіп саласындағы іскерлік белсенділік 2020 жылғы қаңтардан кейін алғаш рет оң аймаққа өтіп, 50,3-тi (2020 жылғы қарашада – 49,6) құрады», - дейді Жандос Шаймарданов.

Желтоқсанда өңірлер бойынша көрсеткіштер Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында жақсарды. Индекстің едәуір нашарлауы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Нақты сектор кәсіпорындары Қазақстанда бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту жұмыстарының жалғасатынын атап өтті. Желтоқсанда бизнес ахуал индексі 2020 жылғы ең жоғары көрсеткіш – 4,2-ге жетті.

Желтоқсанда саулнамаға 452 кәсіпорын қатысты: құрылыс саласында – 64, өнеркәсіп саласында – 172, қызмет көрсету саласында – 216.