Қазақстанда ішкі рейстерге IOSA талаптары қайта енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның атап өтуінше, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IOSA) ішкі әуе рейстеріне арналған міндетті сертификаттау және қауіпсіздік бойынша аудит талаптары елімізде қолданыста болған.
«Мұндай талап халықаралық ұшуларға бар. 2016 жылы ішкі рейстерге де мұндай ереже болған еді. Кейін бизнес-қоғамдастықтың өтінішімен бұл талап алынып тасталды. Біз бұл мәселеге оралатын боламыз», - деді Берік Камалиев.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы ұшу қауіпсіздігін, ұшу өндірісін, ұшуды жүзеге асыруды, тарифтік саясатты, техникалық қызмет көрсетуді, авиациялық қауіпсіздікті, ИКАО-мен бірлесіп халықаралық стандарттарды әзірлеуді және басқа да әуе көлігі саласын ұйымдастырушы және мүддесін білдіруші ретінде жұмыс істейді.