11 там, 2021 сағат 13:20

Қазақстанда ірі қара мал басының саны артты - АШМ


Биыл қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 45,5%-ға ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Барлық түрдегі мал мен құс санының өсуі байқалды. Мәселен, ірі қара мал басы 4,8%-ға артып, 9 млн басты құраса, қой мен ешкі 2,5%-ға (24,1 млн бас), жылқы 9,4%-ға (3,5 млн бас), құс 7,1%-ға (49,7 млн бас) артты. Сондай-ақ, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,4%-ға (1 081,2 мың тонна), сүт өндіру көлемі 3,3%-ға (3 777,9 мың тонна) өсті», - деді Қарашөкеев 

Оның айтуынша, көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 1 трлн 228,4 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте қант өндіру көлемінің 3,1 есеге, өңделген күріштің 27,3%-ға, жарманың 18%-ға, сары майдың 17,3%-ға, , өсімдік майының және ұнның 2,4%-ға, ірімшік пен сүзбенің 2%-ға, өңделген сүттің 1,4%-ға артқаны байқалды.

«Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 45,5%-ға ұлғайып, 386,1 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 5,9%-ға артып, 49,2 млрд теңгені құрады», - деді ол.