18 нау, 2022 сағат 19:25

Қазақстанда импорттық кеден бажы АҚШ долларымен есепке алынады - Үкімет


Қазақстан Республикасына жиналатын импорттық кеден баждары бұрынғыдай АҚШ долларымен бөлінеді және есепке алынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мүше мемлекеттердің бір-бірінің бюджетіне импорттық кедендік баждарды жинау және өзара аудару бойынша міндеттемелері көзделген. 

Бұл тетік әрбір мемлекетте біркелкі және мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды: үшінші елдерден келіп түсетін тауарлардан ұлттық валюталарда импорттық баждардың сомаларын жинау; импорттық баждардың келіп түскен сомаларын белгіленген коэффициенттерге сәйкес бөлу, оны АҚШ долларына айырбастау және оларды кейіннен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберу. 

Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты мүше мемлекеттердің кедендік әкелу баждарын Ресей Федерациясы мен Беларуське доллармен аударуы мүмкін емес. 

Келіссөз қорытындысы бойынша қазақстандық нұсқа қолдау тапты: Ресей Федерациясына және Беларусь Республикасына кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу үшін Ұлттық жөнелтуші банктердің бағамы бойынша Ресей рублі пайдаланылатын болады. 

Қазақстан Республикасына, сондай-ақ Армения Республикасына және Қырғыз Республикасына жиналатын импорттық кедендік баждар бұрынғыдай, АҚШ долларымен бөлінеді және есепке алынады.