Фото: depositphotos.com
2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңгелік банкноттар айналымнан алып тасталуы мүмкін. Ұлттық банктің қаулы жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының 2011 жылғы үлгідегі айналыстағы номиналы 5 000 теңгелік банкноттары (ескі үлгідегі банкнот) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының 2023 жылғы үлгідегі дизайны өзгертілген номиналы 5 000 теңгелік банкноттарына (жаңа үлгідегі банкнот) ауыстыру басталсын.
2023 жылғы 25 желтоқсаннан 2024 жылғы 24 желтоқсанға дейін ескі үлгідегі банкноттар мен жаңа үлгідегі банкноттардың қатар айналыс кезеңі белгіленсін", - делінген қаулы жобасында.
Бұл ретте жаңа үлгідегі банкноттар мен ескі үлгідегі банкноттар қатар айналыс кезеңінде заңды төлем құралы болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдардың барлық түрлерін жүзеге асыру, банктік шоттарға есептеу үшін олардың белгіленген құны бойынша қабылдануға міндетті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Ұлттық пошта операторының барлық филиалдарында, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарында шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.