08 мау, 2020 сағат 14:55

Қазақстанда елді мекендерге тақау қоймалардан 20 мың тоннадан астам оқ-дәрі шығарылды

Қазақстанда елді мекендерге тақау қоймалардан 20 мың тоннадан астам оқ-дәрі шығарылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бақыт Құрманбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Арыстан шамамен 20 мың тоннаға жуық оқ-дәрі шығарылды. Ал өзге елді мекендерде орналасқан қоймалардан 750 тоннадан астам ірі калибрлі оқ-дәрілер шығарылған болатын. Бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалды», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары. 

Оның атап өтуінше, Арыста төтенше оқиға орын алғаннан кейін Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен еліміздің барлық өңірлеріндегі қоймаларға 1 ай бойы тексеру жүргізілді. Мұндай тексерулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тексеру комиссиясының құрамына мол тәжірибесі бар беделді әскери мамандар кіреді. 

Аталған комиссия төтенше жағдайлар туындау тәуекеліне жан-жақты баға беріп, атыс қару-жарақтары мен оқ-дәрілер сақталатын барлық нысандардың қаупісіздігін күшейту бойынша шаралар ұсынды.