29 жел, 2025 сағат 18:27

Қазақстанда дрон арқылы жеткізу қызметі пилоттық режимде іске қосылады

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда дрон арқылы тауар жеткізу қызметі іске қосылады. 26 желтоқсанда ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Freedom Lifestyle ұшқышсыз жеткізу сервистерін дамыту жөнінде меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжат аясында Алматы қаласында пилоттық жоба жүзеге асырылады. Дрондар азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмектерді 3 шақырымға дейінгі радиуста, салмағы 10 келіге дейін жеткізе алады. Ұшулар күндізгі уақытта және қолайлы ауа райында ғана орындалады.

Пилоттық жобаны 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында іске қосу жоспарланған. Қауіпсіздік пен тұрғындардың жайлылығына басымдық беріледі. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, дронмен жеткізу сервистерін елдің басқа өңірлеріне, соның ішінде ауылдық аймақтарға кеңейту көзделіп отыр.