Фото: elements.envato.com
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстаннан дәрілік заттарды экспорттауға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құжатқа сәйкес, 6 айға Қазақстан аумағынан кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтикалық субстанцияларды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен компоненттерді әкетуге тыйым салу ұсынылады.
Тек мына жағдайларда рұқсат беріледі:
- Қазақстаннан тыс жерге транзиттік жөнелтілім бойынша тасымалданатын жүктер;
- тек жеке пайдалануға, жеке тапсырысқа арналған медициналық бұйымдар;
- халықаралық гуманитарлық көмекке арналған тауарлар;
- бөлшек сауда шеңберінде жеке тұтыну үшін әкелінетін және сатып алынған тауарлар;
- тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде алынған дәрілік заттар;
- сатуға құқығы жоқ көрмелерге арналған үлгілер;
- зерттеулер мен сынақтарға арналған үлгілер;
- пайдалану орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында өндірілген радиофармацевтикалық препараттар;
- мемлекеттік тіркеу кезінде сараптамаға алынған үлгілер;
- пациенттің немесе оның донорының аутологиялық биоматериалдарын пайдалана отырып, жеке қолдануға арналған кеңейтілген терапиялық дәрі-дәрмектер;
- ЕАЭО кедендік аумағына келетін көлік құралдарының жолаушылары мен экипаж мүшелерін емдеуге арналған дәрілік заттар;
- халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған дәрілік заттар;
- Қазақстан өндірушілері шығарған, тыйым салынған "СТ-1" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар дәрілік заттар.
Бұйрық жобасы 6 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.
914 рет оқылды