12 қар, 2024 сағат 13:02

Қазақстанда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және фармацевтикалық өндірісті дамыту шаралары қаралды

Фото: Үкімет

Қазақстанның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуіне республикалық бюджеттен 474 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.

Министрдің айтуынша, амбулаториялық деңгейде 251 млрд теңгеге 3,5 млн пациент 120 түрлі ауру бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Елдегі ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыру үшін 172 медициналық ұйым мен 694 жеке дәріхана, сондай-ақ 15 жылжымалы дәріхана ашылды.

«Пациенттердің стационарлық деңгейдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес орталықтандырылған және дербес сатып алу арқылы жүзеге асырылады. Биыл Бірыңғай дистрибьютордың 2025 жылға арналған сатып алу науқаны бір ай бұрын басталды, бұл «СҚ-Фармация»  ЖШС қоймаларына дәрілік заттарды 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.


Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова 2024 жылы отандық фармацевтикалық өнім өндірісі 18%-ға артып, 124 млрд теңгеге жеткенін айтты. 

«2024 жылы ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша фармацевтикалық өнімнің 702 түрі сатып алынды. 2025 жылы өндіріс көлемін 1 728 дейін ұлғайту жоспарлануда», — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.


Министр импортты алмастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру шеңберінде 2025 жылдан бастап қолданыстағы отандық тауар өндірушілерді қолдай отырып шығарылатын отандық препараттардың тізбесі кеңейтілетінін айтты. Жаһандық халықаралық фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық жандандырылады, сондай-ақ офтейк келісімшарттарды енгізе отырып, ұзақ мерзімді шарттар жасасу талаптары қайта қаралатын болады.

«СҚ-Фармация» ЖШС бүгінде 1200-ден астам стационарды және 700 емхананы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Премьер-министр Олжас Бектенов «СҚ-Фармация» компаниясына отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға басымдық беруді тапсырды.