18 нау, 2022 сағат 18:55

Қазақстанда биыл 560 мың тонна мұнай-газ-химия өнімдері өндіріледі


Қазақстанда биыл 560 мың тонна мұнай-газ-химия өнімдері өндіріледі. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 190 мың тоннаны құрады. 2021 жылы қуаты 57 мың тонна октан көтергіш қоспа шығаратын зауыт, сондай-ақ қуаты 54 млн текше метр техникалық газ және 34 млн текше метр құрғақ сығылған ауа шығаратын қондырғылар іске қосылды. Атырау облысында арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық нысандар толығымен іске қосылды. 2022 жылы жоспарланған өндіріс көлемі 560 мың тоннаны құрайды», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында. 

Сонымен қатар министр салада басқа да бірқатар ірі жоба іске асырылатындығын айтты.

«Биыл қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, қуаты жылына 1 млн тонна терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндірісі, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 186 мың тонна бутадиен бойынша ірі жобаларды іске асыруға назар аударылатын болады. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 10 млрд АҚШ доллары», - деді Болат Ақшолақов.