Қазақстаннан ақшаны әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесі белгіленді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Отырыста валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі жөнінде баяндама жасаған ол елімізден ақшаны әкету белгілері бар валюталық операциялардың тізбесі белгіленгенін айтты.
«Бірінші - резиденттің Қазақстандағы шоттарға ақша аудару жолымен өтеуді көздемейтін қаржылай қарызды бейрезидентке беруі. Екінші - бейрезиденттің Қазақстандағы шоттарға ақша аударуды көздемейтін қаржылай қарызды резидентке беруі. Үшінші - резиденттің үлестес емес бейрезидентке 720 күннен асатын мерзімге пайызсыз қаржылай қарызды беруі. Төртінші - репатриациялау мерзімі 720 күннен асатын экспортқа немесе импортқа ақы төлеу бойынша операциялар»,- деді Данияр Ақышев.
Оның айтуынша, банктер мұндай операцияларды резидент ақпаратты валюталық бақылау органдарына беруге рұқсат жасаған кезде ғана жүзеге асырады.
«Оған қоса, заң жобасында банк құпиясы бар валюталық операциялар бойынша ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы көзделген», - деді Ұлттық банк төрағасы.