Жұртшылықтың сұранысы мен өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға қарай жолаушылар пойыздарының қозғалысын жандандыру үш кезеңде іске асырылады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Көлік комитеті төрғасының орынбасары Жәнібек Тайжанов мәлім етті.
«Жалпы, төтенше жағдай кезеңінде 129 жұп пойыздың қатынасы тоқтатылды. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, Ведомствоаралық комиссияның отырысында ел ішінде жолаушылар пойыздарының қозғалысын жандандыру туралы шешім қабылданды. Жолаушылар пойыздарын іске қосу тұрғындар сұранысы мен өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты үш кезеңде атқарылады», - деді Ж.Тайжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, 1 маусымнан бастап 54 жұп пойыздың қозғалысы жанданады. Оның ішінде бес «Тальго», 31 стандартты және 18 қала маңы пойызы қамтылмақ.
Осы орайда Нұр-Сұлтаннан – Алматыға, Өскеменге, Сарыағашқа, Семейге, Арқалыққа, Павлодарға, Петропавлға, Оралға, Жезқазғанға, Қызылордаға қозғалыс ашылады, сондай-ақ Алматыдан – Шымкентке, Павлодарға, Ақтөбеге, Сарыағашқа, Өскеменге, Жезқазғанға, Оралға, Петропавлға, Қостанайға бағдарлар жанданады.
Мұнымен қоса, Қызылордадан – Семейге, Көкшетауға, Петропавлға қозғалыс ашылса, Қостанайдан – Қарағандыға, Арқалыққа, сондай-ақ Қарағанды мен Жезқазғанға қарай бағдарлар іске қосылады.